Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңартылды

Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы ел жолды жапты, оларды басқа өңірлерде де жұрт қолдады

Қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.
Қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.

2 қаңтарда Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы жүздеген адам әкімдік алдына жиналып, қала орталығындағы жолды жауып, биліктен газ бағасын түсіруді талап еткен. Бұл туралы Азаттыққа Жаңаөзеннен хабарласқан азаматтық белсенді Серік Бақтыбайұлы айтты. Оның сөзінше, қалада сұйытылған көлік газы 31 желтоқсанда 100 теңгеге, ал 1 қаңтарда 120 теңгеге көтерілген.

– Былтыр пандемия кезінде 38 теңге болған газ кейін 50 теңге, содан соң 79-80 теңгеге көтерілді. Қаладағы газ сататын стансаларда көліктер тәуліктеп кезекте тұрғанымен газ жоқ. Ал міне 120 теңгеге көтерілгенде барлық стансада газ пайда болды, кезек те жойылды. Бірақ оны сатып алу мүмкін емес, елдің қалтасы көтермейді, - дейді жаңаөзендік белсенді.

Серік Бақтыбайұлының айтуынша, газ бағасын төмендетуді талап еткен жүздеген адам көшеге шыққан. Арасында такси жүргізушілері мен көлігі жоқ адамдар да бар.

– Көлігі жоқ адамдар да келіп тұр. Өйткені олар газдың қымбаттауы ертең басқа да маңызды тұтыну тауарлары мен азық-түліктің қымбаттауына әкеледі деп санайды, – дейді Серік Бақтыбайұлы.

Серік Бақтыбайұлы Жаңаөзендегі наразылықты Facebook’тегі парақшасында видеоға түсіріп тұрды. Жиналғандар Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа үндеу жасап, тез арада газ бағасын 50 теңгеге түсіруді және газ тапшылығын болдырмауды талап етті.

– Газ өзімізден шығады. Ол жерде көбіміздің ағайын-туысымыз жұмыс істейді. Солар өндіріп отырған газдың бізге жетпеуі ақылға сыймайды. Алдымен өзімізді қамтамасыз етпей газды басқа жаққа, Ресейге шығармасын. Газ бағасы елдің жалақысына сай болсын. Бағасын 50 теңгеден асырмасын. "Жаңаөзен – бай қала" деген бос әңгіме. Азғантай топ қана мұнай саласында жұмыс істейді, – деді қала тұрғындарының бірі.

Жиналғандар өздері қойған талапты тез орындауды талап етіп, әкімдік орналасқан орталық көшені жапты. Видеода тұрғындардың ешқайда тарамайтыны, облыс билігі мәселені шеше алмаса Нұр-Сұлтаннан энергетика министрлігінен адам келуін талап еткені көрсетілген. Олар "Алға, Қазақстан!" деп айқайлап, биліктен газ бағасын төмендетіп, елдің жағдайына назар аударуды сұрады.

Наразы жұртқа Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов келді. Оның сөзінше, қала әкімі Мақсат Ибағаров қазір кезекті еңбек демалысында.

– Талапты қағазға түсіріп беріңдер, оны жоғары жаққа жеткіземін, – деді Ғалым Байжанов наразы халыққа.

Жиналғандар бұған дейін де ондай қағазды бірнеше жыл бойы жазып, жолдап келе жатқанын, сондықтан ешнәрсе жазбайтынын және талабы орындалмайынша тарамайтынын айтты.

Қаланың орталық бөлігінде интернет байланысы істемей қалғаны жайлы хабар тарады.

Қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.
Қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласы әкімдігіне хабарласты.

– Қазір бұл туралы ешқандай комментарий бере алмаймын. Газ бағасын реттеу әкімдіктің құзырында емес. Біз тек мониторинг жасап, қарап отырмыз жағдайды. Жолды жауып тастап тұр, өзіңіз көріп отырсыз ғой, – деді Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов.

2 қаңтар таңертең басталған Жаңаөзендегі халық наразылығы әлі жалғасып жатыр. Түстен кейін Маңғыстау өңірінің өзге аудандарында да жұртшылық оларға қолдау білдірген. Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімдеріне видеоүндеу жолдады. Онда тұрғындарға сатылатын сұйытылған газ бағасын 50-60 теңгеден асырмауды талап еткен.

Атыраулық белсенді Макс Боқаев жексенбі күні Атыраудағы Исатай мен Махамбет алаңына шығып, жаңаөзендіктер талабын қолдаған. 2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсылық білдіріп, наразылық жиынын өткізгеннен кейін 5 жылға сотталған, былтыр ақпанда түрмеден бостандыққа шыққан бұрынғы саяси тұтқын Боқаев Жаңаөзен тұрғындары негізі бар заңды талап қойып отыр деп біледі. Оның сөзінше, Қазақстанның табиғи қазба байлығы мол батыс өңіріндегі тұрғындардың көбінің мұнай-газ саласында жұмыс істемейтіндіктен табысы аз, сондықтан газдың қымбаттауы қарапайым халыққа қатты білінеді.

Маңғыстау тұрғындарының газ бағасын төмендетуді талап етіп жиналғаны алғаш рет емес. 2020 жылғы қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскен. Сол жолы да тұрғындар қала әкімдігіне жиналып, газ бағасын 55 теңгеге түсіруді талап еткен. Кейін қала әкімі Мақсат Ибағаров Жаңаөзенде газ 55 теңгеден сатылады деп уәде беріп, 52 кәсіпкермен сөйлескенін айтқан.

Жаңаөзенде сұйытылған газ өндіретін жалғыз компания – Қазақ газ өңдеу зауыты бар. Он жыл бұрын облыста газ бағасы 30–35 теңге болатын. 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айға жалғасқан ереуілін 16 желтоқсанда полиция оқ атып (ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқа) таратқан Жаңаөзен қаласында одан бері газ бірнеше рет қымбаттаған.

Жергілікті билік халыққа газ бағасының жиі құбылуының себебін әртүрлі түсіндіреді. Бірде Қазақ газ өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысына сілтесе, енді бірде газ бағасын энергетика министрлігі бекітетінін айтқан. Ал зауыт басшылығы министрлік бекіткен газ бағасын зауыт электронды сауда алаңына шығарып пайда табуы керектігін көлденең тартады.

БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?

Оқиғаға байланысты облыс әкімдігі мен Қазақстанның энергетика министрлігі түсініктеме берді. Билік өңірдегі көліктердің ауқымды бөлігі отын ретінде пайдаланатын газ нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірді.

Министрліктің мәлімдеуінше, елде жыл сайын сұйытылған газ тұтыну артып отырады, ал өндіріс көлемін өткен жылдардағыдан өзгермеген. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газ толықтай тауар биржасы арқылы сатылады, "электрон сауда-саттыққа көшу сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып теңгерімді баға қоюға мүмкіндік береді", ол өндіріс қуатын арттыруға қажет инвестиция тартуға септеседі дейді министрлік.

"Нарық механизмдері бәсекелестікті дамытуға оң әсер етеді. Электрон сауда-саттыққа көшкенге дейін сұйытылған газ өзіндік құнынан арзан бағамен сатылғандықтан өндірушілер шығын шегіп келді" дейді министрлік.

Маңғыстау облыстық әкімдігі өңірдегі газ өндіретін жалғыз кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты ай сайын шығаратын 14,5 мың тонна газ аймақтағы сұранысты толық өтей алмайтынын, сол себепті 3,5 мың тонна газ облыстан тыс жерден жеткізілетінін айтты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың сөзінше, 1973 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауыттың құрал-жабдығының тозуы 90 пайызға жеткен.

"Егер шұғыл шара қабылданбаса, болашақта зауыт тоқтап, тиісінше, сұйытылған газ қат болуы мүмкін. Жаңа зауыт салу жоспары бар, оны іске асыру үшін тиісті шаралар атқарылуы тиіс, солардың бірі – сұйытылған газ нарықтағы сұранысқа сай бағамен сатылуы керек" дейді Қартбаев. Оның сөзінше, Маңғыстау облысында бөлшек саудада бір литр сұйытылған газды орташа есеппен 95-115 теңге атеңге ралығында сатылады.

"Бұрынғы 60 теңге деген баға қайтып келмейді, өйткені қазір биржада тасымал және кәсіпкер шығынын есептемегенде газдың литрі 70-85 теңге тұрады. Тұтастай алғанда газ бағасын сұраныс пен ұсынысқа сәйкес етіп нарықтың өзі белгілейді. Әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды, өйткен бұл бәсеке бар ортаға тиесілі тауар" дейді Қартбаев.

Басқа да жаңалықтар

Песков: Зеленский мен Путин жаз соңына дейін кездесуі екіталай

Дмитрий Песков
Дмитрий Песков

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков тамыз соңына дейін Украина мен Ресей президенттері Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің бетпе-бет кездесуі екіталай деп мәлімдеді.

"Сіз бен біз бір нәрсе болмайды деп кесіп айту қиын кезде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ ұстанымдарымызды жақындату мақсатында жасалуы тиіс жұмыс көлемін ескерсек, осы бір қашықтықты еңсеруді елестетудің өзі қиын" деді журналистердің сұрақтарына жауап берген Песков.

Бұған дейін Зеленский мен Путиннің бетпе-бет кездесуі мәселесін 23 шілде күнгі Стамбұлдағы Украина-Ресей келіссөзі кезінде Украина жағы қозғаған. Оған сәйкес, кездесуге Түркия және АҚШ президенттері Режеп Тайып Ердоған мен Дональд Трамп та қатысуы керек.

Қазақстандық оқушы NYT жариялаған эссе байқауы жеңімпаздарының бірі атанды

Партада отырған оқушылар. Көрнекі сурет.
Партада отырған оқушылар. Көрнекі сурет.

Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептің оқушысы Фариза Фазыл америкалық The New York Times басылымы жариялаған Open Letter Contest эссе байқауында 10 жеңімпаздың бірі атанды. Оқушы қыз балаға ат қою дәстүрімен байланысты тақырыпты таңдаған.

Фариза эссесін "Ұлтуған" есімді қыздарға қарата жазып, дәстүрлі қазақ қоғамында ұл баланы зарыға күткен отбасында дүниеге келіп, "ұл" деген сөзі бар есімдерге ие болған қыз балалар сезінуі мүмкін толғаныстарды ортаға салады.

"Олар сені солай атады. Сені алғаш құшақтаған кезде соны аңсады. Сені емес. Басқаны. Және бәрібір сен қалдың. Сен олардың көңілін қалдырған ауыртпалықты үнсіз мейіріммен көтеруді үйрендің...", – деп жазылған эсседе.

Batyrjamal Instagram-парақшасы оқушы қыздың аталған тақырып туралы пікірін жариялаған.

"Айналамнан есімдер туралы түрлі оқиғаларды естігенмін, сонымен бірге Бауыржан Момышұлының әжесінің де аты Қызтумас болған. Яғни, осы есім арқылы отбасында қыз емес, ұл маңызды дегенді көрсеткісі келген. Егер менде сондай ат болса, оны ауыстырғым келетінін ұқтым. Жалпы алғанда осының бәрі маған қорытынды тақырыпты таңдауға итермеледі және ылғи сол жөнінде ойлап жүретінмін", – деді Фариза Фазыл.

Астаналық оқушы қыз эссе жазу кезінде түрлі эмоцияны бастан кешкенін айтты. Жағдайды өзгерте алмайтындығы есіне түскенде қапаланғанын да жеткізді.

Қазақстан қоғамында кейінгі кезде ұлды ұлықтап, қызды кемсітетін есімдер мен ұл баланы қыздан артық көру мінезі жиі сынға алына бастады. Бұл әсіресе, әйел құқығы, феминистік тақырып қозғалатын жиын мен шараларда жиі айтылып жүр.

NYT-тің жазуынша, биыл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 10 мыңға жуық эссе келген. Ең үздік танылған 10 шығарма басылымда жарияланады.

Түркияда АЭС салып жатқан жұмысшылар ереуілге шықты. Нысанды "Росатом" тұрғызып жатыр

Түркияның Мерсин провинциясында салынып жатқан атом электр станциясының алғашқы реакторын іске қосу мерзімі бірнеше рет шегерілген.
Түркияның Мерсин провинциясында салынып жатқан атом электр станциясының алғашқы реакторын іске қосу мерзімі бірнеше рет шегерілген.

Түркияда ресейлік "Росатом" тұрғызып жатқан "Аккую" атом электр станциясы құрылысында 23 шілдеде жұмысшылар ереуілге шықты. Олар жалақыны кешіктіргеніне наразылық білдіріп, жақын маңдағы жолды жапты. Оқиға орнына келген түрік полициясы наразыларды тарату үшін су шашты.

Қазақстандық журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында ереуіл мен наразыларды күштеп тарату туралы видеоларды Түркияның Мерсин провинциясындағы атом электр станциясы жобасында істеп жатқан қазақстандық жібергенін айтты.

"Жұрт машиналарды жібермей бөгеп жатыр. Келгендердің көліктерін сындырып жатыр. Тас, арматура лақтырып жатыр" деді видеоны түсіріп тұрған ер адам. Журналистің мәліметінше, нысанда шамамен 200 қазақстандық еңбек етеді.

Ресейдің мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, ереуілге еншілес компаниялардың бірінің жұмысшылары шыққан. "Росатом" оқиғаға "дос емес" елдерді кінәлады.

"Росатомның" түсіндіруінше, жалақыны кешіктіруге атом саласында ресейлік жобамен бәсекелесетін "дос емес елдердің" әрекеті түрткі болған. Бірақ нақты қай елдер екенін айтпады. Корпорация өкілдерінің айтуынша, құрылысқа бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі "үшінші тараптардың ықпалының салдарынан" бұғатталған.

"Росатом" өкілдері төрт энергия блок нысаны мен қосымша ғимараттар және атом станциясы жабдықтарында жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Корпорация Түркия жағымен біріге отырып, жобаны үздіксіз қаржыландыру жолдарын іздеп жатқанын мәлімдеді.

"Аккую" атом станциясының құрылысы 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Жоба құны 20 млрд доллар деп бағаланған. Жобада 3+ буынға жататын ВВЭР-1200 реакторы бар төрт энергоблок қарастырылған. Алғашқы реакторды іске қосу мерзімі бірнеше рет шегерілген, "Росатом" өкілдері жобаны жүзеге асыруға батыс санкциясы мен немістің Siemens компаниясының негізгі құрылғыны беруден бас тартуы себеп болып отыр деп мәлімдеген.

Қазақстан билігі маусым айында елде алғашқы АЭС-ты "Росатом" салып беретінін мәлімдеген. Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылы АЭС салынатын орын ретінде аталып келеді. "Росатом" салатын АЭС жобасының құны әзірге айтылмады.

Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді былтыр қабылдады. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған.

Биыл ақпанда Қазақстан үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салатын орынды ресми түрде бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында тұрғызылмақ.

Алайда көптеген эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне теріс әсер етуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады

Ресейдің Амур облысында Ан-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады

Ресейдің Амур облысында Ан-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 40-тан астам жолаушы болған.

Ұшақтың бөлшектері Тында қаласынан 15 шақырым жерде табылды деп жазды жедел қызметке сүйенген "Интерфакс". Ұшақ Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшқан. Тындаға жақындаған кезде онымен байланыс үзілген.

РБК-ның жазуынша, мәселе "Ангара" әуе компаниясының ұшағы жөнінде болып отыр. Baza-ның жазуынша, Ан-24 қонуға оқталып, қона алмай, екінші рет айналуға кеткенде онымен байланыс үзілген. Ұшақ бортында экипаждың 6 мүшесін қоспағанда 43 жолаушы болған, бесеуі – бала.

ТАСС-тың жазуынша, апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағы 50 жыл бұрын шығарылған, оның ұшу жарамдылық мерзімі 2036 жылға дейін ұзартылған. The Insider жазуынша, биыл қаңтарда "Ангара" әуе компаниясының бас директоры жаңа техника болмағандықтан 50 жыл бұрынғы Ан-24 және Ан-26 ұшақтарын пайдалануға рұқсат сұраған. The Insider әңгімелескен әуе сарапшылары 50 жылдық ұшақтарда апат жиі болатынын айтқан.

Reuters: Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы экспорттау уақытша тоқтатылды

Ресей билігі енгізген жаңа ережелерге байланысты Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы экспорттау уақытша тоқтатылды деп жазды дереккөздерге сүйенген Reuters. Жаңа ереже шетелдік мұнай танкерлеріне Қара теңіздегі негізгі порттарда тауар тиеуге тыйым салады, бұл АҚШ-тың энергетикалық алпауыттарына ішінара тиесілі консорциум тасымалдайтын Қазақстан мұнайының экспортына іс жүзінде тосқауыл қойған.

Reuters жазуынша, шетелдік кемелердің порттарға бара алмауының салдарынан әлемдік мұнай тасымалы шамамен 2% қысқаруы мүмкін. Мұндай шешім Ресейдің мұнай экспортына қысымды үдетуді көздейтін Еуроодақтың жуырдағы Мәскеуге қарсы санкциясынан кейін қабылданып отыр. Ол Қазақстан мұнайының басым бөлігін халықаралық нарыққа тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумына (акционерлерінің арасында Chevron мен ExxonMobil да бар) қосымша қиындық туғызып отыр.

Дүйсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин шетел кемелерін ресейлік порттарға кіру үшін ФСБ-дан рұқсат сұрауға міндеттейтін заңға қол қойған.

Каспий құбыр консорциумы мен Ресей жағы әзірге түсініктеме бермеді. Reuters дереккөздерінің бірі порттардағы мәселе алдағы бір-екі күнде шешіліп қалар деп үміт білдірген.

Ал Қазақстан энергетика министрлігі 24 шілдеде түске қарай Қара теңіз арқылы қазақстандық мұнай экспорты тоқтатылмағанын, бірақ Балтық теңізіндегі Усть-Луга порты бойынша келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Усть-Луга портындағы жағдайға қатысты көлік инфрақұрылымы нысанының қауіпсіздігін арттыру бойынша қосымша шаралар енгізілуіне байланысты «ҚазТрансойл» «Нева құбыр компаниясымен» келіссөз жүргізіп жатыр» деп хабарлады энергетика министрлігі.

БАҚ-тың жазуынша, тамыз айында Ресейдегі КҚК терминалынан тәулігіне 1,66 миллион баррель КҚК-Blend мұнайы экспортталады деп жоспарланған, бұл шілде айындағы жоспардан іс жүзінде айырмашылығы жоқ.

Бұған дейін Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдау дрон шабуылына қатысты күрделенген еді. Биыл ақпанда Ресейдің Краснодар өлкесіндегі "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына түскен дронның кесірінен мұнай айдайтын жабдық бұзылған. Оны жөндеуге бірнеше ай кеткен. Дрон шабуылын Украина мойнына алған. КҚК сол шабуыл кесірінен 18 млрд теңгедей шығын келді деп мәлімдеп, халықаралық сотқа жүгінетінін айтқан.

Ресей арнайы қызметі "теракт әзірлеу ісі" бойынша өзбек азаматы ұсталғанын хабарлады

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Краснодар өлкесінде "теракт әзірлеу ісі" бойынша өзбек азаматы ұсталғанын хабарлады. Бұл жөнінде ТАСС және РИА Новости жазды.

Арнайы қызметтің хабарлауынша, ол "халықаралық террористік ұйымның тапсырмасымен" аймақтағы "мұнай өңдеу өнеркәсіп нысанында теракт жасамақ болған". ФСБ "нысан" деп мұнай өңдеу нысанының жатақханасын айтып отыр, ер адам оны өртеу үшін "Молотов коктейлін" пайдаланбақ болған деп айтылады.

Видеожазбаны ол "халықты қорқыту үшін" интернетте жариялап, бұдан кейін халықаралық террористік ұйымға қосылу үшін Ауғанстанға кетуі керек болған деді ФСБ.

Ұсталған азаматқа қатысты "террористік ұйымның ісіне араласу" және "теракт әзірлеу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот оны тергеу изоляторына қамады.

2025 жылдың басынан бері ФСБ қызметкерлері "терроризмге қатысы бар" делінген Орталық Азиядан барған бірнеше адамды өлтірген. Ақпан айында Ресей арнайы қызметі "Псков вокзалын жармақ болды" деген бірнеше адам өлтірілгенін хабарлаған. Бұлар бұрын шайханада істеген Тәжікстан азаматтары Парвиз Рустамов, Джовид Джумаев және Азизжон Азамкулзаде болып шықты. Наурызда "еврейлер жиналатын орында және Мәскеу метро станцияларының бірінде өзін жармақ болған" Орталық Азиядан барған бір азамат өлтірілген.

Мәскеудегі "Крокус сити холл" концерт залындағы терактіден кейін (Ресей билігі терактіні Тәжікстанның бірнеше азаматы ұйымдастырды деп мәлімдеген) Ресей шетел азаматтары мен еңбек мигранттарына қатысты саясатты күрт қатайтқан. Бұған қоса, тәртіп сақшылары «Орыс қоғамы» ұлтшыл ұйымының өкілдерімен бірлесіп, базарларда, мешіттерде, моншаларда, дәмханаларда рейд жүргізіп жатыр.

Стамбұлда Ресей-Украина келіссөзі шамамен жарты сағатқа созылды

Түркия араағайындық етуімен өткен Ресей-Украина келіссөзінің үшінші кезеңі. 23 шілде, 2025 жыл.
Түркия араағайындық етуімен өткен Ресей-Украина келіссөзінің үшінші кезеңі. 23 шілде, 2025 жыл.

Стамбұлда Ресей-Украина келіссөзі шамамен жарты сағатқа созылды. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, келіссөздің үшінші кезеңі – үш кездесудің арасындағы ең қысқасы болған. Екі ел делегацияларының жетекшілері Владимир Мединский мен Рүстем Умеров және Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан жалпы кездесуден бұрын бетпе-бет кездескен.

ТАСС-тың хабарлауынша, тараптар азаматтық және әскери тұлғаларды алмастыруға келіскен. Украина жағының айтынша, басты тақырыптардың бірі атысты тоқтату, тұтқын алмасу, Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің кездесуі болған.

Киев Зеленский мен Путин кездесуін тамыздың соңына қарай өткізуді ұсынды деп мәлімдеді Умеров. Оның айтуынша, кездесуге АҚШ және Түркия президенттері қатысуы мүмкін.

Мединскийдің сөзінше, Ресей Украинаға қаза болғандар мен жараланғандарды жинау үшін майданда қысқа үзіліс жарияларды ұсынған.

Мединскийдің айтуынша, Украина саяси, гуманитарлық және әскери мәселелер бойынша жұмыс тобын құруды талқылауға келіскен. Мәскеу мен Киевтің атысты тоқтату туралы талаптары жазылған меморандум туралы сұраққа жауап берген ол "тараптар байланысты жалғастыруға келісті" деп қысқа қайырды.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жер сілкінді

Қазақстандық сейсмологтар 23 шілдеде сағат 15:37-де жер сілкінісі болғанын хабарлады. Эпицентрі Алматының солтүстік-шығысынан 793 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісі Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында сезілген.

Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, Абай облысының Көкпекті, Қалбатау ауылдарында және Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде, Қасым Қайсенов және Самар ауылдарында 4 балдық жер сілкінісі сезілген. Кейбір елді мекендерде 2-3 балл болған, арасында Семей мен Аягөз қалалары бар.

Министрліктің хабарлауынша, зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы мәлімет жоқ.

Өзбекстанда дәрігер қателесіп, науқастың сау аяғын кескен. Әйел қайтыс болды

Өзбекстанның Ферғана облысында дәрігер қателесіп, науқастың сау аяғын кескен. Сот материалдарымен танысқан Kun.uz басылымының жазуынша, оқиға былтыр қазанда болған.

Адинахон Исомитдиноваға "екінші типті қант диабетінің ауыр түрі, декомпенсация кезеңі, қант диабетінің нейроишемиялық түрі, сол аяқ ампутациясынан кейінгі жағдай, тізе буынының сынығы" деген диагноз қойылған.

Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық эндокринология медицина орталығының Ферғана бөлімінің хирургия бөлімінің меңгерушісі Әбдіманап Мадалимов отаны кездейсоқ таңдалған медицина қызметкерлері және арнайы біліктілігі жоқ студентпен жасаған.

Ота кезінде дәрігер науқастың ауыратын сол аяғының орнына сау оң аяғына ампутация жасаған. Ізінше нақты диагностика жасамай науқастың сол аяғы да кесілген.

Сау аяғынан айырылған әйел екі ауыр операцияға шыдамай бір айдан кейін қайтыс болды.

Биыл мамырда бірінші инстанциядағы сот Әбдіманап Мадалимовті "Кәсіби міндетін тиісті дәрежеде орындамау" бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сот оны үш жылға дәрігер қызметінен шеттетті.

Бұған қоса, жәбірленуші жақтың заңды өкіліне 27 млн 806 мың сум (2200 доллар) көлемінде – материалдық, 80 млн сум (6400 доллар) көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген.

Апелляциялық сотта Мадалимов қылмыс құрамын жоғын айтып, науқастың өліміне өзі кінәлі еместігін айтқан. Ал жәбірленуші жақ материалдық және моральдық өтемақыны көбейту туралы өтініш берген.

Апелляциялық бірінші инстанцияда шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырған.

Зеленский наразылыққа қарамастан даулы заңға қол қойды

Киевтегі наразылық акциясы. 22 шілде, 2025 жыл.
Киевтегі наразылық акциясы. 22 шілде, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский 22 шілдеде Жоғарғы рада қабылдаған заң жобасына қол қойды. Сыншылардың пікірінше, құжат іс жүзінде екі жемқорлыққа қарсы құрылым – жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы (НАБУ) және мамандандырылған жемқорлыққа қарсы прокуратураны тәуелсіздіктерінен айырады.

Заң Виктор Янукович биліктен қуылғаннан кейін Украинаны Еуропаның жемқорлыққа қарсы күрес стандартына жақындату мақсатында құрылған екі агенттікті бас прокурорға бағындырады. Өткен аптада жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросында ірі тінту жүргізілді. Украина қауіпсіздік қызметі НАБУ-дің жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірін "мемлекетке сатқындық жасады" және "Ресеймен әріптестік орнатты" деп айыптады. Бұдан кейін Жоғарғы рада аталған агенттіктерді қайта құру туралы заң жобасын қабылдаған.

Осыдан кейін Киев пен елдің өзге қалаларында жұрт наразылық білдірді. Жүздеген адам Зеленскийді аталған заңға вето қоюға шақырды. Наразылардың сөзінше, билік жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықты жоюға мүмкіндік бермес үшін тәуелсіз агенттіктерді бақылауға алғысы келеді.

Зеленский сейсенбі кешкі мәлімдемесінде НАБУ мен САП жұмысын жалғастыра береді деді.

"Тек Ресей ықпалынсыз – одан барлығын тазарту керек" деді ол. Оның сөзінше, бас прокурор "заңға қарсы жүргендер жазасының бұлтартпастығын шынымен қамтамасыз етпек". Украинадағы соғыс басталғалы бергі елдегі ең ірі наразылыққа қатысты Зеленский түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін ЕО өкілдері мен Украинаға одақтас елдер аталған заңды сынап, "ЕО-ға қосылудан үміткер" Украинаның алған міндеттемелерін еске салып, құжатты "артқа тартатын қадам" деп бағалады. Мысалы, Киевтегі "Үлкен жетілік" елдерінің елшілері алаңдаушылық білдіріп, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ұйым өкілдері Украина билігіне аталған қадам "халықаралық әріптестер арасында, әсіресе Украинаның қорғаныс секторы мен оны ұзақ мерзімде қалпына келтіруге инвестиция құюды қарастырып отырғандар арасында Киевтің беделіне нұқсан келтіреді" деп ескертті.

Украина билігі өкілдері НАБУ мен САП қызметі конституцияға қайшы келмеуге тиіс деп мәлімдеп, олардың бірқатар қызметкерлерін Ресеймен байланыс орнатты, НАБУ алалап тергейді деп айыптады.

БАҚ: Ресей-Украина келіссөзі бүгін кешке Стамбұлда өтеді

Ресей-Украина келіссөзі. Стамбұл, 16 мамыр 2025 жыл.
Ресей-Украина келіссөзі. Стамбұл, 16 мамыр 2025 жыл.

Ресей-Украина келіссөзінің үшінші кезеңі болжам бойынша, 23 шілде кешке өтпек. Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, кездесу шамамен 19.00-де басталады. Түркия президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі де осы уақытты айтты.

Дереккөзге сүйенген "Интерфакстың" хабарлауынша, келіссөз сәрсенбі кешке жоспарланған, бірақ нақты уақытын айтпады. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский де 23 шілдені айтқан, ал Мәскеу растаған жоқ, жоққа шығарған да жоқ.

Келіссөздің жаңа кезеңі жақындаған тұста Зеленский украин делегациясының құрамын өзгертті, оған бұрынғыша 12 адам емес, 14 адам кірді. Делегацияға Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің жетекшісі Рүстем Умеров жетекшілік етеді. Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, орыс делегациясының құрамы өзгермеген, оған Владимир Мединский жетекшілік етеді.

Бұған дейін Зеленский кездесу барысында тұтқын алмасу сияқты гуманитарлық мәселелер талқылануы тиіс деген. Украина президентінің сөзінше, украин делегациясы екі ел басшыларының кездесу мәселесін қозғамақ. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сейсенбі күні Ресей-Украина келіссөзінде екі жақтың атысты тоқтату шарттары жазылған меморандумдар талқыланбақ. Бұл меморандумдарды екі жақ маусымның басында таныстырған. Екі жақтың ұстанымында ешқандай ұқсастық жоқ десе де болады. Украина атысты ешқандай шарт қоймай тоқтатуға келіседі, ал Ресей атысты тоқтату үшін өз шарттарын алға тартады.

Қарағандыда екі жұмысшы құдықты тазалау кезінде қаза болды

Қарағандыда коммуналдық қызметтің екі жұмысшысы құбыр құдығын тазалау жұмыстары кезінде қаза болды. Бұл жөнінде "Қарағанды су" компаниясына сүйенген "Қазақпарат" хабарлады. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, 29 және 46 жастағы жұмысшылар құбырда жиналып қалатын улы газдан уланған болуы мүмкін.

Полиция жұмысшылардың қазасына байланысты еңбекті қорғау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тиісті сот-медициналық, техникалық сараптама тағайындалған, тергеу амалдары жүріп жатқаны хабарланды.

Коммуналды кәсіпорынның баспасөз қызметі "кәсіби міндеттерін атқару кезінде" қаза болғанын растады.

"Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатыр. Ішкі тексеріс жүріп жатыр" деп хабарлады компания өкілдері.

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмауы салдарынан жұмысшылар жиі қаза болады. Жақында Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болған.

Оның алдында мамырда Шығыс Қазақстан облысында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру жұмысы кезінде топырақ опырылып құлап, екі жұмысшы қаза болған. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндіріс орындарында 293 жұмысшы зардап шеккен, 40-ы қаза болған. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр бір жылда өндіріс орындарында 220 адам қаза болғанын хабарлаған.

Димаш Құдайбергенге Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді

"Мейкин Азия" фестивалінде өнер көрсетіп жатқан Димаш Құдайбергенов. Қырғызстан, Ыстықкөл, 22 шілде 2025 жыл.
"Мейкин Азия" фестивалінде өнер көрсетіп жатқан Димаш Құдайбергенов. Қырғызстан, Ыстықкөл, 22 шілде 2025 жыл.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді. Қырғызстан президентінің сайтындағы мәліметке қарағанда, "Қырғызстанның халық әртісі" атағы қазақстандық әншіге "Мейкин Азия" фестивалі кезінде тапсырылған.

"Фестивальдің аяғында мемлекеттік хатшы Марат Иманқұлов Қырғызстан мен Қазақстан Республикалары арасында достық пен мәдени байланысты нығайтуға үлес қосқаны үшін қазақстандық әнші, композитор Дінмұхаммед Құдайбергенге (Димаш Құдайбергенге) "Қырғызстанның халық әртісі" атағын тапсырды. Президент Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды" деп жазылған ресми хабарламада.

Kaktus-media-ның жазуынша, қазақстандық әнші марапатты "аванс" деп атап, екі халықтың достығын нығайту үшін жұмыс істеуге уәде берген.

2023 жылы қазанда Димаш Құдайберген Қазақстанның халық әртісі атағын алған еді.

"Мейкин Азия" халықаралық музыка фестивалі 20-22 шілдеде Ыстықкөлде өткен. Оған Азия мен Еуропаның 25 елінен әнші қатысқан деп айтылады. 2013 жылдан бері өтіп келе жатқан фестивальдің алғашқы бас бәйгесін Димаш Құдайбергенов ұтқан.

"Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық бойынша" іс сотқа түсті

Руслан Берденов
Руслан Берденов

«Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық бойынша» іс сотқа түсті. Бұл жөнінде «За нами уже выехали» арнасы хабарлады.

«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабының 1-бөлігімен («Кісі өлтіруге оқталу») айыпталған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс түсті. Бұл іс бойынша алдын ала тыңдау 2025 жылғы 28 шілдеде сағат 10:00-де өтеді» деп хабарлады сот сейсенбі күні.

Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында бір адам оқ атып, шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.

Шымкент әкімдігіне сүйенген Informburo жазуынша, күдіктінің аты-жөні Ернар Жиембаев. Ол Шымкент қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-ын басқарады. Ол қамауға алынған. Осыған дейін Жиембаевтың әкесі оқиғаға өкініш білдіріп, сот пен тергеу істің анық-қанығын анықтайды деп айтқан.

Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.

Мәскеу соты журналист Юрий Дудьты сырттай қамауға алды

Юрий Дудь
Юрий Дудь

Мәскеудің Басман соты журналист Юрий Дудьды "шетел агенті туралы заң талаптарын орындамады" деген айыппен сырттай екі айға қамау туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Ресей билігі Дудьты 2022 жылы сәуірде "шетел агенті" деп жариялаған. Оған қарсы қылмыстық іс қозғалғаны маусымда белгілі болды. Тізімге енген адамдардан билік әлеуметтік желідегі кез келген хабарламада "шетел агенті" екенін айтып отыруды талап етеді, заңды қайталап бұзғандарға қылмыстық іс қозғалады.

38 жастағы Дудь Ресейден 2022 жылы кеткені хабарланған. Ол қылмыстық іске түсініктеме берген жоқ. Бұрынғы спорт журналисі өзінің YouTube-арнасымен танымал. Оған 10,3 миллионнан астам адам жазылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG