Мұнда тек аймақтың көлік қатынасы ғана емес, Иранның солтүстік шекарасындағы геосаяси тәртіп те қыл үстінде тұр.
Арменияның Сюник облысы арқылы өтетін 43 шақырымға созылған дәліз Иранның стратегиялық мүддесіне қайшы.
Германиядағы Халықаралық және қауіпсіздік істері институтының сарапшысы Хамидреза Азизи бұл жоспар Иранды "Оңтүстік Кавказға табиғи құрлық арқылы шығатын жолынан айырып, оны Әзербайжан немесе басқа да халықаралық күштер бақылауындағы бағытқа тәуелді етеді" деп ескертеді.
Азаттыққа берген сұхбатында ол бұл дәлізді "Иранның геосаяси тұншығуына қағылған соңғы шеге" деп атап, егер Баку бақылауды өз қолына алса немесе дәліз шетелдік бақылауға өтсе, Иранның солтүстіктегі сауда ықпалы күрт әлсірейтінін айтты.
"Ондай жағдайда Иран Оңтүстік Кавказ, Ресей және Еуропамен сауда жүргізуде Әзербайжанға толықтай дерлік тәуелді болып қалады. Бұл елдің геоэкономикалық беделіне ауыр соққы болар еді", – деді Азизи.
Оның айтуынша, Армения арқылы өтетін Иран жолын жарамсыз ету Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасындағы Тегеран рөлін әлсіретіп, Иранды Пекин үшін маңызды серіктес ретіндегі маңызынан айыруы мүмкін.
Аймақтағы тәртіп және қауіпсіздік
Тегеранның не үшін алаңдайтыны түсінікті де: дәліз Түркияның ықпалын арттырады, оның үстіне оған АҚШ бақылау орнатқалы отыр.
"Ирандағы ең үлкен қорқыныш – мұндай дәліз елдің Шығыс-Батыс көлік қатынасына араласу мүмкіндігін түбегейлі жояды", – деді Азизи.
Сарапшының сөзінше, дәліздің АҚШ бақылауына өту ықтималдығы бұл үрейді еселеп, америкалық мүдде Иранның солтүстік шекарасынан төніп тұрмақ.
Бұл өзгерістердің ұшы аймақтағы ахуал ауысқан тұста көрініп отыр. Украинадағы соғыстан қажыған Ресей Оңтүстік Кавказдағы ықпалынан айырыла бастады, ал Қарабақ аймағы қарулы қақтығыстан соң Әзербайжан бақылауына өтті. Бұрын Мәскеуге арқа сүйеп келген Иран қазір өзін буферсіз сезініп отыр.
"Стратегиялық мүмкіндіктері шектеулі" Тегеран осы тұста барлық ірі ойыншылармен байланыс орнатып, Армениямен саяси және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге тырысып жатыр.
Азизидің айтуынша, Иранның 2021 жылдан бергі әскери жаттығулары мен мәлімдемелері ашық қақтығыстан гөрі шекараға бөтен елдің әскерін келтірмеуге бағытталғандай.
Бақылау, транзит және егемендік
АҚШ ұсынысына Ереван да, Баку да сақтықпен қарап отыр.
Әзербайжан үшін дәліз – Нахчыванмен байланыс орнататын маңызды көлік желісі және соғыстан кейінгі интеграцияның бір бөлігі.
Ал Армения болса өз егемендігіне қауіп төнеді деп алаңдап, жол толықтай армян бақылауында қалуға тиіс деп санайды.
"Әзербайжан ешқандай үшінші тараптың араласуын қаламайды", – деді Еревандағы Аймақтық зерттеулер орталығының директоры Ричард Гирагосян. Оның пікірінше, Баку үшін басты мақсат – Нахчыванға кедергісіз қатынау, ал кез келген шетелдік бақылау – америкалық болсын, мейлі еуропалық не ресейлік болсын, оларға қолайсыз.
Шын ұсыныс па, әлде саяси шоу ма?
Вашингтон бұл жобаны аймақтағы сирек кездесетін билік вакуумын пайдалану мүмкіндігі деп қарастыруы мүмкін, өйткені Мәскеудің ықпалы әлсіреп, оның Бакумен және Ереванмен қарым-қатынасы суып барады.
Алайда Гирагосян бұл жоспарға күмәнмен қарайды.
"Бұл ұсынысты аса маңызды деп санамаймын... Баку мен Ереванда да күмән басым", – деді ол. Гирагосян жобаны "жылжымайтын мүлік саласындағы қисынсыз келісім" деп атап, Вашингтон аймақтың күрделі жағдайын жете түсінбейтінін айтады.
"Бұл негізінен Трампқа [Нобель] бейбітшілік сыйлығын әперуге бағытталған саяси акция сияқты... Дайындық жоқ, аяғына дейін жеткізу мүмкіндігі де аз", – деді ол.
Армения теміржолының Ресей басқаруында болуы және Батыс санкциялары бұл ұсыныстың іске асуын екіталай етеді.
"Бұл мұны қиындатады. Өйткені Ресей иеленіп отырған теміржолды және күре жолды АҚШ жеке компаниясы игергелі отыр", – деді Гирагосян.
Иранның бұл жобаларға қарсы тұру мүмкіндіктері шектеулі. Бұған Тегеранның Таяу Шығыстағы кейінгі сәтсіздіктері мен өткен айда Израильмен болған қақтығыс та әсер етіп отыр.
Тегеран Батыстың аймақтағы ықпалына қарсы Ресей тарапынан жаңа қарсылық болады деп күтеді, бірақ өзгеріп жатқан күш тепе-теңдігі Иранның ықпалын әлсірете түсті.
Ал Армения мен Әзербайжан дәлізді үшінші тарапқа беру тәуелсіздікке нұқсан келтіреді деген ұстанымынан айнымай отыр.
Осылайша, Зангезур дәлізі түптеп келгенде жай ғана транзит жолы емес, егемендік, ықпал және аймақтық тәртіп туралы қарама-қарсы мүдделер тоғысқан шиеленіс ошағына айналды.
ПІКІРЛЕР